Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған қазақстандық отбасылық жұптар қатысады. Олар қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттары белгілеген репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейінгі медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.
МӘМС АЯСЫНДА ЭКҰ ЖАСАЙТЫН КЛИНИКАЛАРДЫҢ ТІЗІМІН ҚАЙДАН КӨРУГЕ БОЛАДЫ?*
Қазір елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Жыл сайын квоталар аймақтарға сәйкес бөлінеді. Астана, Алматы және Шымкент қалалары бұл тізімде көш бастап тұр. Атап айтар болсақ, МӘМС шеңберінде жұмыс істетін Алматы қаласындағы 7 клиникада 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру әдісі жасалды.
Айта кету керек, пациент Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.